‘STYQ Fest аясында өткен қазақстандық заманауи өнер көрмесі
9-29 маусым 2022 жыл Орталық көрме залы, Желтоқсан 137
Жоба авторлары: Дана Искакова Жанель Шахан Интизор Отаниёзова Карина Иванова Леонид Хан Мадина Сағат Nuasi (Асия Нуали) Перизат Сүлейман Ықылас Шайхиев
Кураторы: Оля Веселова
Қазақ және ағылшын тіліндегі сөздерден қосарланып жасалған WHOMYN сөзі авторлар үшін бірегейлікті қалыптастыру метафорасы іспеттес. Тіл ұлттық бірегейлікті айқындайтын бірден бір құрал. Алайда бұл біздің күнделікті өмірмен ұштаса бермейді, өйткені ондағы коммуникация және ақпаратты қабылдау тәсілдерін тек бір тілмен анықтау мүмкін емес. Мұны бірнеше тілдің симбиозы десек дұрыс болар: бір тілде жақындарымызбен аралассақ, екіншісінде достарымызбен әңгіме құрамыз, ал үшінші тілде іскерлік келіссөздер жүргіземіз. Сайып келгенде, бірнеше тілді қиыстырып қолдану ойлау тәсілімізді қалыптастырады. WHOMYN — ашық жүйе. Көрмеде қандай да бір түрде ұсынылған жұмыстар процесс еркіндігін білдіреді. Олар көрерменге ашық, диалогқа дайын. WHOMYN көрмесінің кеңістігіне кіре бере көрермен лабиринт арқылы таңдауға толы кеңістікке түседі. Соңында сізді қандай мәре күтетіні қай бағытты таңдағаныңызға байланысты болмақ. Nuasi-дің (Асия Нуали) «Ағарту» атты туындысы суретшінің өмірінен сыр шертіп, өзінің «ақ емес» деген бірегейлігін қабылдаудағы мәселелерге тоқталады. Суретшінің ойынша, африкалық контекстіде қазақ болғанның артықшылығы көп, соның бірі — «ақ» болуың. Nuasi-дің жолымен жүріп өткен соң сіз Леонид Ханның Dance on the Carpet бейнежазбасын көресіз. 1990-шы жылдардағы қазақстандық жас әйелдің бейнесі арқылы автор кеңестік интерьерлердің дәстүрлі атрибуты болған қабырға кілемдердегі «бірегейлік биі» туралы ой тастайды. Мадина Сағат жақындарының портреттері арқылы өзіне қатысты көзқарасты ұсынады. Оның Metaplasia атты жұмысы — сезіну арқылы көркемдік рефлексия жасауға талпыныс. Тағы бір суретші Интизор Отаниёзова болмысқа жақындай түсуге шақырады. Басқа адамға көз алмай қарау арқылы жақын байланыс орнайды, басқаларға ашылуға және жан дүниесін сезінуге мүмкіндік береді. Жанель Шахан да өзі туралы басқалар арқылы баяндайды. Полиптих туындысын «атаусыз» ұсыну арқылы суретші көрермен алдында барынша ашық болуға тырысады. Жеке көзқарастардан алшақтап, Перизат Сүлейман коллаждары арқылы жаһандық контекст пен қазақстандық бірегейлік туралы қиялға берілеміз. Ашық түстермен ерекшеленетін экзотикалық пейзаждар ақ-қара мұрағаттық фотосуреттермен үйлесім тауып, түрлі-түсті әлем контексі арасынан жеке ұлттың өзіне тән ерекшелігін іздеуге талпындырады. Ықылас Шайхиевтің «қалқыған» (видео-арт) туындысы мүмкіндік плюрализмі мен деконструктивтік әлемде өзін жоғалтқан, толық қалыптаса алмаған адамды көрсетеді. Дана Искакованың қара жәшігі рефлексиядан әрекетке көшуге шақырады. Көрермен Дананың жабық текшелерінде не барын іздеуге бірге кіріседі. Құпия және жұмбақ — автордың ой бөлісу тәсілі. Дана қара тақтаға өз ойын ашық жазады, бірақ қара бормен. Не жазылғанын оқи алмайсыз. Қара түс бәрін бойына сіңіріп алады, бірақ сонымен қатар бәрін ішінде сақтайды. Карина Иванова да өз жобасына көрерменнің белсенді қатысқанын қалайды. jazziam интерактивті инсталляциясы — көрменің шеңберінен шығарлық жазу практикасы. Мәтін жазу арқылы Карина өзіңді және сезіміңді тануға көмектесетін сеанстарды өткізеді. Көрмеге келушілер өз мәтінін жазып, инсталляцияны толық аяқтауға үлес қоса алады. Тәуелсіз Қазақстан өнерінің тарихы бірегейлік ізденістің бірнеше кезеңін өткерген. WHOMYN көрмесі — еліміздің жаңа тарихында қалыптасқан ұрпақтың бөлісер ойы, тәжірибесі. Адамзат барда өзін-өзі тану процесі еш тоқтамайды.